Мемлекеттiк тiл
Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді қолдану және оның маңыздылығы
Тіл – халықтың жаны, ұлттық болмыстың негізі. Тіл арқылы халықтың ділін, мәдениетін, дәстүрін танып білуге болады.
Қазақ тілі – халқымыздың тарихы, шежіресі, бүгіні мен ертеңі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, рухани өмірдің үлкен бір көрінісі. Ол - кешегі ұрпақ ата-бабамыздың тарихи болмысы болса, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың туған еліне, жеріне деген үміт артар сенімі.
Қазіргі кезде қызметтердегі, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы іс жүргізу құжаттарының бәрі мемлекеттік тілге көшірілуде. Тіпті, көше бойындағы ақпараттық негіздегі жарнамалар, сауда орталықтарының, дүкендердің т.б. мекемелердің атаулары қазақ тілінде жазылады. Ал, БАҚ-қа келер болсақ, күнделікті теледидардағы және радио арқылы жүргізілетін бағдарламалардың көбі қазақ тілінде беріледі. Демек, бұдан біз мемлекеттік тіліміздің тиісті деңгейде дамып келе жатқанын айқын көре аламыз.
Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді қолдану - әрбір қызметкердің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақ тілін қызмет бабында оқытып үйрету мақсатында, арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, қызметкерлер сабаққа қатысады.
Заңдылықты, қоғамдық тәртіпті, адамдардың бостандықтары мен құқықтарын қорғап қана қоймай, сонымен қатар, өз қызметіндегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, жай-күйін реттеп, екі саланы ұштастырып жүрген Қарағанды облысының ішкі істер департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының мемлекеттік тіл бөлімнің құрылу негізі мен даму тарихы жайлы тоқталып өтейік. Ішкі істер органдарында, тіл саясатын қалыптастыру, қазақ тілін дамыту және қолдану аясын кеңейту мақсатында Мемлекеттік тілді дамыту органы құрылған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы» 1998 жылғы 14 тамыздағы № 769 Қаулысына сәйкес, штаттар санын қайта бөлу есебінен Қарағанды облысының ІІББ-ге мемлекеттік тілді енгізу және аударма бөлімшесі енгізілген. Осыған орай, облыстың Ішкі істер бас басқармасының 1998 жылғы № 859 бұйрығымен мемлекеттік тілді дамыту инспекторлары енгізіліп, құжаттарды реттеу негізінде, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің № 297 бұйрығымен және ҚР ІІМ-нің 1998 жылғы 27 тамыздағы № 19 МА шешімімен – Мемлекеттік тілді енгізу және аударма бөлімшесі құрылды. Облыстың Ішкі істер бас басқармасының 2004 жылғы 20 ақпандағы № 211 бұйрығымен Мемлекеттік тілді дамыту бөлімшесі болып қайта құрылды. 2008 жылдың 5 қарашасында Қарағанды облысының ІІД-нің, мемлекеттік тілді дамыту бөлімі мен баспасөз қызметін біріктіріп, Тіл саясаты және ақпарат басқармасы туралы бұйрығына қол қойылды.
Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінде іс жүргізу облыстың ІІД 2006 жылғы 30 қарашадағы №1241 бұйрығымен 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілге толық көшірілген.
2008 жылдан бастап Бөлімнің жұмысы мына негізгі төрт басым бағыттар бойынша белгіленді:
1) Басқару тілін қалыптастыру;
2) Оқыту сапасын көтеру;
3) Материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
4) Іс жүргізу.
Ішкі істер департаменті аппаратының қызметкерлері үшін қазақ тілін оқу бойынша барлық жағдайлар жасалған. Қазақ тілін оқыту курсына арналған техникалық жабдықталған кабинеттер ашылған. Қарағанды облысының ішкі істер органдарында қазақ тілінің оқытушыларымен еңбек келісімшарты жасалып, мемлекеттік тілді оқып-үйренетін тыңдаушылар әр топқа бөлініп, тізімдер бекітілуде. Ішкі істер органдарында жұмыс істейтін қазақ тілінің оқытушыларына әдістемелік көмек құрал ретінде авторлары Е.Қожабеков, Г.Төлеутай «Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған әдістемелік оқулық» - Астана: «Әлеуметтік лингвистика орталығы» ЖШС, 2010 жылы шығарған оқулық әзірленді. Облыстың ІІД-де селекторлық, аппараттық және жедел кеңестер мемлекеттік тілде өткізілуде. Сонымен қатар, облыстың ІІД МТАБ тілдер жөніндегі бөлім инспекторлары қазіргі кезде барлық аумақтық бағынысты бөліністерге мемлекеттік тілдің жай-күйін реттеу мақсатында тексеріс жүргізуде.
Облыстың ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының қызметкерлері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданылу аясын кеңейту, маңыздылығын арттыру жөнінде МТАТ инспекторлары және оқытушыларымен педагогикалық кеңестер өткізіп көптеген іс-шаралар ұйымдастырады.
Қазақстан Республикасы - көпұлтты унитарлы мемлекет болғандықтан, көпұлтты республикамыздың тұрғындарының татулығы мен бейбітшілігін сақтап, ұлтаралық бірліктің маңыздылығын негіздейтін ең негізгі факторын – қазақ тілі десек артық болмас...
Ел рухын байытар, ана тілдің, жүрекке жақын туған тілдің қадірін жоғалтпай, таза сөйлеп, тіл мәртебесін биік ұстау - әрбір ұлтжанды азаматтың борышы.





